Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, термеші, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі, Бердіғалиев Катимолла Жәңгірұлы 1952 жылы Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келген. Балалық  шақтан  халық әндерін орындауға күш салды. Құрманғазы атындағы Орал музыкалық училищесін  бітірген.  Еңбек жолын 1975 жылы А. Оразбаева атындағы орта мектебінде мұғалім болып бастап, кейін балабақшаның музыкалық жетекшісі, аудандық мәдениет үйінің әдіскері болып жасады.

 

1985-1995 жылдар арасында айтыстарға қатысып, топ жарды.

 

1991 жылы Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжге педагогикалық  жұмысқа  ауысты. Ұзақ  уақыт бойы Мұхит  ән- класы бойынша халық әндері бөлімін басқарды.  Оның көрнекті түлектері, Ғарифолла мен Мұхит шығармашылығын жалғастырушылары бар.

 

2007 жылдан - Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солисті.

 

Катимолла Бердіғалиев - кең вокалдық диапазоны бар әнші, жыршы-термеші, ақын-импровизатор. Ол күрделі және қиын ән дәстүрі мен классикалық ән өнерінің ерекшеліктерін үйлестіретін табиғи талантқа ие.

 

Катимолла Бердіғалиев Мұхит әндерінің І байқауының жеңімпазы болып табылады. Бүкілодақтық, республикалық, халықаралық конкурстардың бірнеше марте  лауреаты.  Ресей, Моңғолия, Өзбекстанда өнер көрсеткен, Мәскеуде өткен ХШЖК-да қола медаль иегері. 

 

Оның репертуарында 300 - ден астам қазақ халық әндері, Бұқар жырау, Базар, Қашаған, сондай-ақ халық композиторларының әндері бар.

 

Қазақ радиосының Алтын қорында Катимолла Бердіғалиевтің өнері туралы арнайы бағдарламалар мен "Ел"продюссерлік орталығында жазылған 83 ән сақталған.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің қолдауымен Мәдениет министрлігі  шығарған  "Қазақтың 1000 күйі" атты  бірегей  басылымға Қатимолла Бердіғалиевтің орындауында 10 күй енгізілген.

 

2007 жылы Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға  арналған арнаулы кітапхана шығарған Катимолла Бердіғалиевтің "Ән мұра" әндер жинағы жарық көрді.

 

2012  жылы Қатимолла Бердіғалиев  өзінің 60 жылдығына орай "Айман-Шолпан" бір жарым сағаттық  эпостық жырын жырлап, өнерсүйер қауымды тәнті етті.

 

Марапаттары:

 

  • Қазақ КСР Білім Министрлігінің Құрмет грамотасы (1982)
  • КСРО ХШЖК қола медалі (1986)
  • Қазақ КСР мәдениетінің еңбек сіңірген қызметкері (1989)
  • Қазақстан Республикасы  Тұңғыш  Президентінің  Құрмет грамотасы (2001)
  • Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері (2010)
  • "Парасат" ордені (2018)
  • Қазақ соқырлар қоғамының Құрметті мүшесі (2018)