Халықаралық кітап күніне орай облыстық арнаулы кітапханада «Кітаппен бірге өсеміз, ертегімен есейеміз» балалар әдеби алаңы ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты - балаларға кітаптың, білімнің адам өміріндегі алатын орны мен маңызын насихаттауды қызықты түрде жеткізу болатын.
Әдеби алаңда кітапханашы мен қонақ кейіпкер – Білім дәрігері балалар кітап күнінің тарихымен таныстырып, осы атаулы күннің болуына себеп болған белгілі балалар жазушысы Г.Х.Андерсеннің өмірі мен балалық шағы, алғашқы жазған ертегілері туралы ақпараттар берілді. Ал, әдеби алаңның «Хаттар сөйлейді» бөлімінде «жылаған» кітаптың хаты оқылып, хаттарда жасырылған ертегі кейіпкерлері туралы сұрақтар қойылды. «Жылулыққа толы құшақ» сергіту сәті балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, «Адасқан кейіпкерлер» ойынында балалар ертегі, аңыз кейіпкерлерін топтастырудан ой жарыстырды. Балаларға кішпейіл, мейірімді, ақылды әрі тапқыр болуға үндейтін «Арыстан мен қоян» ертегісіне қол қуыршақ теарты қойылымы ұсынылды. Сонымен қатар «Қуырмаш» тифлоKids-студиясы ақпараттық-шығармашылық жобасының алғашқы жұмыстары: үстелүсті қуыршақ театрын тамашалап, «Түлкінің күлкісі», «Ақылды лақ», «Түйе мен түлкі» секілді ертегілердге дайындалған аудиоподкаст үлгілері тыңдалды. Жобаның мақсаты мен алдағы жоспары таныстырылып, балаларды кітапхананың әлеуметтік желілер мекен-жайы мен жалпы ғаламтордың пайдасы мен зияны жайындағы ақпаратпен қамтылған нетикет парақшалары таратылды.