Ақпарат

 

5 қазан күні кітапханада  «Тактильді кітап әлеміне саяхат» атты кітап галереясы ұйымдастырылды. Шараға облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының  оқушылары қатысты.

Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар галереясын ұйымдастырудағы мақсат – балалардың кітапқа, оқуға деген қызығушылықтарын арттырып, кітапхана оқырманы ретін қалыптастыру болатын.

Кітап галереясының  «Ойнайық та, ойлайық» бөлімінде кітапхана қорындағы түрлі ертегілер мен танымдық кітаптарға жасалған, сипап сезу арқылы тануға болатын тактильді кітаптар таныстырылды. Оның ішінде кітапханашы Т.Қалиолла «Қарлығаш пен дәуіт» ертегісі, «Логика», «Төрт түлік» кітаптарына тоқталып, балалар назарына ұсынды.

Ал, кітап галереясының «Иллюстративті кітаптар- игілікке» атты  бөлімінде түрлі-түсті суреттермен әрлендірілген әдемі иллюстративті кітаптар көрсетілді.  «Рикки Тикки Тави» ертегісі мен «Госпожа Метелица» кітаптары түсіндіріліп, балалар сұрақтарға жауап берді.

«Кел, балалар, оқылық» бөлімінде кітапхана қорындағы бедерлі-графикалық суреттер мен брайль қарпіндегі балалар кітаптары таныстырылды.  «Үй жануарлары», «Жабайы жануарлар», «Транспорттар» бедерлі-графикалық кітаптары, жуық арада кітапханамызда басып шығарылған «Ер Төстік»  пен «Колобок», «Снегурочка» брайль қарпіндегі ертегі кітаптарына тоқталды.

Сонымен қатар арнаулы мектеп-интернатының оқушысы Б.Түктібай «Ұстаз-Ана» әнін орындап берді. Әрі қарай балаларды сергіту мақсатында «Сиқырлы сандықша», «Иә мен жоқ» ойындары ұйымдастырылды. Шара соңында кітап галереясының таныстырылымына қатысқан балаларға кітапхана атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.