Акцияның мақсаты - көз  мүгедектігі бар жандарға жәрдемдесу,  қоғамның назарын аударту. Оларды кітапханаға тарта отырып, ортаға бейімдеу болатын.

Аталмыш акцияға «Қазақ соқырлар қоғамы»  қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы филиалының  төрағасы,   «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігінің «Құрметті мүшесі» Қадырбеков Мұрат Жақсығалиұлы, Тасқала аудандық ОКЖ-сі Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс атқаратын кітапхана қызметкері Берік Бисенбайұлы,  БҚО Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастары, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатының жоғарғы сынып оқушылары және кітапханамыздың жас оқырмандары қатысты. 

Акция  қатысушылардың ақ таяқтың қоғамдағы орны, атқаратын қызметі туралы айтқан «Ақ таяқ, бұл-...»  тренингімен басталды.

Алғашқы сөз кезегін алған «Қазақ соқырлар қоғамы»  қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының  төрағасы М.Ж.Қадырбеков Ақ таяқ күнінің маңызы мен зағип жандар өміріндегі ақ таяқтың алар орны туралы айтып, кітапхана жұмысына сәттілік тіледі.

Шара әрі қарай Ақ таяқ күнінің тарихы жайындағы ақпараттармен жалғасып, «Сіз қандайсыз?» қызықты танысу тренингіне ұласты. Қатысушылар өздерін, болмыстарын қысқаша, әрі әдемі сөздермен суреттей отырып, қызықты танысу болды.

Сонымен қатар әлем бойынша және еліміздегі көру мүмкіндігі шектелсе де, өмірге деген құштарлықтары шексіз, биік белестерді бағындырып жүрген жандар жайында ақпараттар берілді.

 Ақ таяқтың көмегімен жолдағы келдергілерді анықтауға бағытталған «Ақ таяқ – менің көмекшім» қызықты ойыны ұйымдастырылды. Жолда кездесетін кедергілерді ақ таяқтың көмегі арқылы өткерген ойын қатысушылары белсенділік танытты.

Кітапхана оқырмандары Ш.Сәкенұлы, А.Қуанышқалиев және  кітапхана қызметкері Т.Қалиолла  әсем ән арнады. Акцияға белсенді қатысқан қатысушылар кітапхана атынан  естелік сыйлықтармен марапатталды.