29  қараша күні  облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасында республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша тәуелсіздіктің 30 жылдығына  орай  «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы  аясында оқуға ұсынылған әдебиеттерді насихаттауға бағытталған  Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханадан қабылдап алған «Кітаппен бірге-Тәуелсіз елде» атты оқу марафоны эстафетасын жалғастыру мақсатында  «Тәлім мен тағылым тоғысқан туындылар» әдеби панорама кеші оздырылды.

         Шара барысында оқуға ұсынылған отыз кітап  тізімі жарияланып, кітапханада нүктелі-бедерлі қаріпте және дыбыстандырылған түрде жарық көрген Мұқағали Мақатаевтың «Өмірдастан» кітабы мен Мәди Айымбетовтың «Бар болғаны он төрт жас» хикаятына кітапхана қызметкерлері Ә.Сағынғалиева мен Г.Саменова шолу жасады.

         Биылғы жылы туғанына 90 жыл толған  ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогы» өлеңіне кітапхананың бөлім басшысы К.Қадырбекова жасаған ерекше форматтағы көрініс оқырмандар назарына ұсынылып, ерекше ілтипатқа ие болды.

         Аталмыш кешке орай жасақталған кітап көрмесін кітапхана қызметкері Т.Қалиолла таныстырып, оқырмандарды  акция аясында ұсынылған кітаптарды оқуға шақырды.

         Сонымен қатар Мұқағали Мақатаевтың «Өмірдастан» кітабына енген ақын өлеңіне жазылған  «Сәби болғым келеді», «Арулар» әндері шырқалды.

         Шара соңында кітапхана директоры М.К.Айткалиева акцияның маңыздылығына тоқталып, «Кітаппен бірге - Тәуелсіз елде» оқу марафоны эстафетасын Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына жолдады.