18 сәуір күні кітапханадағы «Өнерде өрге жүзгендер» жобасы аясында  жыр әлеміне елеулі үлес қосқан Ақжайық өңірінің перзенті, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі, «Қадыр Мырза Әлі» медалінің иегері Сағынтай Бисенғалиевтің 65 жасқа толуына орай сұхбат кеші оздырылды. Шараға қатысып, сұхбатты бастаған ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, әнші, Қазақ зағиптар қоғамының құрметті мүшесі, кітапхана оқырманы Қатимолла Жәңгірұлы Бердіғалиев ақынның балалық шағы, ақындық қасиеті, өлеңге арқау болған тақырыптары жөнінде сұрақтар  жолдады. Кітапхана оқырмандары да ақынға деген көкейде жүрген сауалдарын қойса, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің «Кітапхана ісі» мамандығының студенттері ақын өлеңдерін нақыштарына келтіре оқыды. Кітапхана оқырманы, жас ақын А.Қуанышқалиев ақынға арналған арнау өлеңін оқып беріп, ақынның ақ батасын алды. Ақын С.Бисенғалиев өзі де жыр-күймесінен өмір өрнектерінен туған  туындыларынан жыр тарту етті. Белгілі әнші Ғұбайдолла Хибашев ақынның сөзіне жазылған «Бойтұмар» әнімен кеш барысын қыздыра түсті. Әсерлі де сырлы ақын естеліктерімен көмкерілген кеш кітапхана қызметкері К.Айтбаевтың орындауындағы «Атамекен» әнінің шырқалуымен өз мәресіне жетті.