«Кітап ең сенімді ақылшың» ток-шоу

23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты  қорғау күніне орай, бүгін облыстық арнаулы кітапханада екі бөлімнен тұратын библиокеш ұйымдастырылды. «Кітап ең сенімді ақылшың» ток-шоу түрінде өткен шара «Дәстүрлі кітап VS электронды кітап» тақырыбында өрбіді. Шара барысында қағаз кітап пен электронды кітаптың шығу тарихы туралы ақпараттар беріліп, «Менің таңдауым» қоғамдық сауалнама бейнесюжетінен үзінді көрсетілді. Сонымен қатар ток-шоу қонақтары: студент-жастар А.Жолдыбаева мен А.Кушербаева  кітаптың қос түріне деген ой-пікірлерін  нақты аргументтер және фактілер келтіре отырып ортаға салды.  Сарапшылар ретінде қатысқан Орал «Сервис» технологиялық колледжінің кітапхана меңгерушісі А.Ильясова, ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ә.Сұлтанов, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің оқытушысы Г.Тоқтарова, кітапхана маманы К.Кадырбекова да аталған тақырыпқа орай өз ойларын жеткізді. Қатысушылар арасында  дауыс беру жүргізіліп, қағаз кітап пен электронды кітаптың тиімді және тиімсіз жақтары туралы айтқан жастардың пікірі екіге бөлінсе де, шара соңы дәстүрлі кітап - адамзаттың рухани азығы, асыл қазынасы және оның орны қашан да биік болатындағы хақындағы ортақ оймен түйінделді.

Әрі қарай жалғасын тапқан «Жас ақындар жырлайды» атты поэзия сағатында Zoom  платформасында онлайн қосылған Ақтөбе облыстық арнаулы кітапханасының оқырманы, жас ақын Аманжол Қазиевпен және кітапханамыздың белсенді оқырманы, жас ақын Асылбек Қуанышқалиевпен сырлы сұхбат жүргізілді. Сұхбат барысында жас қаламгерлер өз шығармашылықтарымен бөлісіп алғашқы туындылары, қазіргі таңда толғандыратын сұрақтары жөнінде айтып, өз қаламдарынан туған өлеңдерін  оқып, көрермен қауымды тәнті етті. Шара кітапхананың тағы бір жас өнерпаз оқырманы Ш.Сәкенұлының орындауындағы әсем әнмен өз мәресіне жетті.