29 сәуір күні облыстық арнаулы кітапханада 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай және 2022  жыл - Қазақстан мен Корея елдері арасындағы «Мәдени алмасу жылына» байланысты «Кереметтер көшіндегі Корея» атты мерекелік кеш оздырылды.

Шараның мақсаты - халықтар достығының, берекелі бірліктің ел өркендеуіне қосар зор үлесін насихаттау және корей  ұлты  мен оның тарихы, ұлттық салт-дәстүрлері, көзтартарлық ғажайып ғимараттары, мәдени өмірі мен екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жайында кітапхана оқырмандарына тың ақпараттар беріп, оқырмандардың бос уақыттарын  тиімді ұйымдастыруға атсалысу болатын.

Мерекелік шара корей халқының саны, мемлекеттік тілі және қос ел арасындағы «Мәдени алмасу жылына» орай елімізде жоспарланып отырған іс-шаралар хақында қысқаша ақпараттар берумен  басталды.

Аталмыш шараны қаламыздағы №20 ЖОББМ-тің 4«а» - сынып оқушылары  корей елі хақындағы қызықты ақпараттармен толықтырып, мерекелік бағдарламамен әрі қарай жалғастырды. Бұл бөлімде корей елінің салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мәдениеті жайына толығырақ мәліметтер берілді. Корей халқының «Ханбок» ұлттық киімі, ұлттық тағамдары мен олардың ерекшеліктері, басты тағамы саналатын «күріштің» айрықша тәсілмен дайындалу жолы, «Сохэгым», «Пипа», «Хянбипа» және т.б. осы сынды ұлттық музыкалық аспаптары, «Джангу», «Джваго», «Йонгго» сынды корей барабандары жайында қызықты ақпараттар айтылып, соның ішінде «Джанггу» барабанын өздері сезініп, аталған аспаптың қандай болатынын білуі үшін кітапхана оқырмандары назарына жақыннан ұсынылды. Кішкентай бишілер тобы мыңбұрала корей ұлттық биін  орындаса, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті А.Елтаев  корей елінің «Арираң» деп аталатын ұлттық  әнін шырқады.  Сонымен қатар балалар «Достық» тақырыбында қазақ және корей тілдерінде нақышына келтіріп өлеңдер оқыды. Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің студенттері корей еліне саяхаттаудың және жер бедерінің ерекшеліктері, корей елі көшелеріндегі мұнтаздай тазалық жайында өте қызықты мәліметтерге тоқталды. Шара соңында балалар «Мерекеңізбен», «Ақ көгершін» әндерін шырқап, кітапхана оқырмандарына корей тәттілерін тарту етті.

Корей елінің тарихы жайында мол ақпарат беріп, рухани кеш ұйымдастыруға атсалысқаны үшін №20 ЖББОМ-тің ұстаздары мен оқушылары кітапхана атынан Алғыс хаттармен марапатталды.