11 мамыр күні облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық универстетінде өтіп жатқан  «Кітапхана әлемі» кітапханалық апталығы аясында «Саусақ ұшындағы әлем» тақырыбында библио-travel ұйымдастырды.

 Шараның мақсаты - облыстық арнаулы кітапхананың тыныс-тіршілігімен хабардар етіп, қызметтік мақсаттары мен міндеттерін, кітапхананың өнерлі жас оқырмандарының өнерлерін, шығармашылығын кеңінен насихаттау және инклюзивті  қоғам құруға атсалысу болатын.

 Шара барысында кітапхана туралы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, инклюзивті мәдениет қалыптастырудағы кітапханалардың рөлі туралы баяндама жасалды. Сонымен қатар кітапхананың кітап қорын таныстыру мақсатында  шараға орай жасақталған  кітап көрмесі, тифлоқұралдар таныстырылып,  Брайль қарпі мен оның жазылу жолы түсіндірілді.  Зағип жандарға арналған бұл жазу жүйесінің шығу тарихы, жүйенің негізін қалаушы Луи Брайль туралы фильм де шара қатысушылары назарына ұсынылды. «Өнерде жоқ шекара» әдеби-музыкалық композициясында кітапхананың жас оқырмандары өз өнерлерін ортаға салды. Жастар мүмкіндігі шектелгеніне қарамастан, қаламынан тамаша туындылар төккен ақындар З.Шүкіров, С.Даумов, И.Мартыновтың  өлеңдерін оқып, әсем әндер шырқады. Белсенді жас оқырманның бірі, жас ақын А.Қуанышқалиев та өз шығармашылығынан өлеңдерін оқып, тыңдаушыларды тәнті етті. Ал,кітапхананың шебер жас оқырмандары А.Нықан мен Э.Жантурина  өз қолдарынан шыққан бұйымдарын таныстырып, қолөнер жайындағы ой-пікірлерін білдірді. «Саусақпен сезін», «Әдеби караоке», «Book-театр-Li» қызықты тренингтері ұйымдастырылды. Шара соңында  аталған оқу орынның филология, мәдениет және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі А.С.Мухамбеткалиев ұйымдастырылған шара үшін кітапханаға алғыс білдіріп, инклюзивті, ашық қоғам құруда кітапханамен бірге серіктестікте жұмыс атқаруға оқу орынның қашан да дайын екендігін жеткізді.