23 маусым күні облыстық арнаулы кітапхананың ұйымдастыруымен даңқты қолбасшы, жаугершілік заманда ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел қорғаған Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 330 жыл толуына орай «Дарабоз батыр Қабанбай» атты тарихи кеш өтті.

Шараға Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Жеңіс Кәкібайұлы Хамзин және кітапханамыздың оқырмандары қатысты. Тарихи кеш қонағы Ж.К.Хамзин батырдың балалық шағы, «Қабанбай» атануы, жігіттік шағы, ел қорғауда көрсеткен ерлігі, қатысқан шайқастары жайында айтып, батыр туралы зерттеулерден алынған ақпараттармен бөлісті. Тарихи тұлғаның өмірі жайлы сыр шертетін, батыр бабамыз хақында жарық көрген кітаптардан жасақталған «Ұлы даланың қаһарман тұлғасы» кітап көрмесі де оқырмандар назарына ұсынылды. Оқырмандарға кітап көрмесіндегі Қ.Жұмаділовтың «Дарабоз», Ә.Кекілбайұлының «Елең-алаң» аудиокітаптар, «Шығыстың ұлылары» сериясынан шыққан жайпақ баспалы қаріптегі Ш.Күмісбайұлының «Қаракерей Қабанбай» кітаптары мен батыр туралы мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар таныстырылды.

Оқырмандар сүбелі сұхбат өрбітіп, батыр өмірі мен ерлігін таныта түскен тарихи кеш үшін ризашылықтарын білдіріп, кітапхана директоры М.Айткалиева кеш қонағына Алғыс хат табыс етті.