Облыстық арнаулы кітапханада 13 қараша – Халықаралық зағиптар күніне орай «Брайль қарпі – білімнің бастауы» тақырыптық әдеби кеш өтті. Кештің мақсаты – Халықаралық зағиптар күнінің мәні мен маңызы туралы кеңінен насихаттау және кітапхана оқырмандарына өлкеміздің ақын-жазушыларының шығармашылығын қолжетімді ету мақсатында кітапханада қолға алынған «Өлке қаламгерлерінің шығармашылығы – Брайль қарпінде» жаңа ақпараттық-кітапханалық жобасымен және аталмыш жоба аясында алғаш рет жарық көріп отырған кітаппен таныстыру болатын. Шараның алғашқы бөлімінде 13 қараша –Халықаралық зағиптар күні жайында, әлем бойынша тұңғыш рет көру қабілетінен айырылған жандарға білім әлеміне, еңбек етуге жол ашып, қоғамның теңқұқылы мүшесі ретінде жетістікке жету мүмкіндігін дәлелдеген француз тифлопедагогы Валентин Гаюидің өмір жолы, атаулы күннің тарихы хақында ақпараттар берілді. Кештің келесі бөлімінде «Өлке қаламгерлерінің шығармашылығы – Брайль қарпінде» жобасы бойынша жарық көрген ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Асантемір Қаршығаұлының нүктелі-бедерлі қаріп түріндегі және электронды нұсқадағы «Шідерлі Шер» кітабының таныстырылымы өтті. Шараға ақын, ұстаз, жұбантанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Елеубаева Үзілдік Елеубайқызы; ғалым-ұстаз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Қуаныш Талап Таймасұлы; ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Балмолда Мұнайдар Мұхамбетжанұлы; ақын, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бимұханов Ертай Сағындықұлы; айтыскер ақын Бисенғалиев Айнабек Сағынтайұлы,облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Бекетаева Айжан Дүйсекешқызы, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері, ақынның жары мен ұлы және өнердегі, өмірдегі, қызметтес дос-жарандары, кітапхана оқырмандары, арнаулы мектеп интернатының оқушылары мен студенттер қатысты. Кітап авторымен сүбелі сұхбат өрбіп, ақын шығармашылық жолы, кітаптың мазмұны туралы сұрақтарға жауап беріп, өз жыр-күймесінен жыр-шашу арнады. Сонымен қатар «Шідерлі Шер» аудиокітабынан үзінділер тыңдалып, кітапхананың жас оқырмандары кітапқа енген өлеңдерді кітаптың Брайль қарпіндегі нұсқасынан нақышына келтіре оқып берді. Кенен Әзірбаевтың «Ойжайлау» термесі және ақынның сөзіне жазылған «Тәуелсіз елім» әні әуелете шырқалды. Кеш қонақтары кітап авторын кітаптың ерекше жандарға арналған ерекше нұсқасының тұсаукесерімен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді. Кітапхана директоры М.Айтқалиева «Шідерлі Шер» кітабы кітапхана қорына қосылған қазыналы туынды екенін айтып, шара қонақтарына «Шідерлі Шер» аудиокітабын табыс етті. Сонымен қатар шара барысында оқырмандар назарына кітапхана қорына келіп түскен арнаулы әдебиеттермен жасақталған «БиблиоNews» кітап көрмесі назарға ұсынылды.