Бүгін облыстық арнаулы кітапханада өскелең жас ұрпақты кітапханаға тарту, кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту мақсатында «Кітап аралы» библиоквест ұйымдастырылды. 

Библиоквестке «Сервис» технологиялық колледжінің және Құрманғазы атындағы Орал саз колледждің студенттері қатысты. «ЖасStar» және «Самғау» топтары боп қатысқан студенттер кітапхананың оқу залы, абонемент, дыбысты кітаптарды өндіру бөлімі, тифлоақпараттық-библиографиялық жұмыс бөлімдерінде жасырылған «Сontinue», «Жасырынған кітаптар», «Адасқан кейіпкерлер», «Сөреден тап», «Әріптер әлемі» сынды тапсырмаларды орындап, ұпайларға ие болды және тек мәреге жеткенде ғана ашуға рұқсат етілген құпия хаттарды жинады. Сонымен қатар квест мәресінде барлық тапсырмаларды ең аз уақытта орындаған және толық   ұпай сандарына ие болған  топ анықталу керек болатын. «Самғау» тобының тапсырмаларды орындау уақыты -  03 мин. 58 секунд болса, «ЖасStar» тобы 04 мин. 03 секундты көрсетті. Ал, ұпай саны бойынша керісінше, «ЖасStar» тобы 8 ұпайды толық иеленсе, «Самғау» тобы 7 ұпай алды. Осылайша, библиоквестті қорытындылай келе, қос топ та тең түсті. Шара соңында топтар құпия хатта жасырылған және кері байланыс жасау үшін берілген сөздерден шара жайында ой-пікірлерін білдірді.